Жалпы орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік аралық бақылауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Ереже

 

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының
2008 жылғы «30» желтоқсандағы
№ 674 бұйрығымен бекітілген

Жалпы орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік аралық бақылауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Ереже

1. Жалпы орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік аралық бақылауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - МК) білім алушылар мемлекеттік аралық бақылаудан (бұдан әрі – МАБ) өтетін әрбір жалпы орта білім беру ұйымында құрылады.
2. Мемлекеттік комиссия өз жұмысында осы ережені, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 20 қарашадағы № 561 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында мемлекеттік аралық бақылауды ұйымдастыру және өткізу ережесін және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
3. МК құрамына облыстық (қалалық) білім басқармалары немесе аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің, ата-аналар қоғамының, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, мектеп педагогтарының өкілдері кіреді.
МК төрағасы болып білім беру ұйымының басшысы тағайындалады. МК хатшысы білікті педагогтар арасынан тағайындалады.
МК-ның құрамы МАБ-ты өткізу кезеңіне МАБ-ты өткізуден кемінде бір ай бұрын облыстық білім басқармасы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
4. МК-ның негізгі міндеті жалпы орта білім беру ұйымдарында МАБ-ты ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру болып табылады.
5. Алға қойған міндеттерді іске асыру үшін МК:
1) МАБ бойынша ұйымдастыру және білімалушылардың, ата-аналар қоғамының, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, мектеп педагогтарының арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша МАБ-ты ұйымдастырушылық-технологиялық қоса алып жүруді жүзеге асыратын ұйыммен бірлесе отырып МАБ-тан өтетін білім алушылардың деректер базасын құрады;
3) емтихан материалдарын облыстық (қалалық) білім басқармаларынан немесе аудандық (қалалық) білім бөлімдерінен білім беру ұйымына дейін және тестілеуден кейін тестілеу өтетін пункттерге дейін жеткізуді қамтамасыз етеді;
4) оқушыларға МАБ-тың бланктік құжаттамасын толтыруды үйрету бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
5) МАБ-тан өту үшін тіркелген барлық білім алушылардың келуін бақылайды;
6) орындалған емтихан жұмыстарын тексерудің белгіленген тәртібін сақтауды қамтамасыз етеді;
7) МАБ өткізу үшін кезекшілердің тізімдік құрамын анықтайды;
8) МАБ-ты өткізудің белгіленген тәртібін сақтауды, ақпарат қауіпсіздігінің тәртібін қамтамасыз етуді бақылайды;
9) МАБ-ты тапсырудың нәтижелерін оқушылардың назарына жеткізеді.
6. Өзіне жүктелген негізгі міндеттерді іске асыру үшін МК:
1) өз құзыретінің шегінде МАБ өткізуді ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
2) МАБ және МК жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар енгізуге құқылы.